Былтыр ғана Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығына айналды. Осы тарихи сәттің алдында ғана шығысында тарихи қала Отырар, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен, солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер Түріксойдың Әзірбайжанда өткен Тұрақты кеңес жиналысында Түркі әлемінің Мәдениет астанасы болып Түркістан қаласы сайланған болатын. Түркістан қаласы – мұқым түркі әлемінің мәдени астанасы. Олай деуіміздің бір себебі: Ұлы Дала елі – түркі дүниесінің түу сонау ғұндар, одан әрідегі сақтар заманындағы қара шаңырағы. Ал екіншіден, бұл қалада Ислам дінінің сопылық тариқаты өркен жайып, Қожа Ахмет Ясауидың талмас еңбегінің нәтижесінде гүлденді, кемеліне келді. Сопылық тариқат, оның ішінде әсіресе иасауишілдік түркі әлемі үшін Исламның ихсан, яғни адамгершіліктің ең биік шыңына ұмтылу іліміндегі өзіндік бір мектебі іспеттес.
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» – тек сопылық әдебиеттің көрнекті ескерткіші ғана емес, түркі халықтарының ежелгі рухани ескерткіштерінің бірі екендігі даусыз. Яғни Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегін біз Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», Сайф Сараидің «Түрікше Гүлстаны», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырған кітабы» т.б. түркі ренессансы дәуіріндегі аса танымал туындылар қатарына жатқызамыз.
Орта Азиядағы аса ірі қайраткері, ислам дінінің гүлденіп, өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан Қожа Ахмет Яссауиді біз, жалпы түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының әдеби-мәдени өміріне бар қажыр-қайратын арнаған шығармашыл тұлға ретінде танимыз. Қожа Ахмет Яссауи – ислам дінін ұстанатын барша түркі халықтарының ортақ ұстазы, біздің халықтарымыздың материалдық құндылықтарға шексіз табынудан, пенделік пиғылдан биік тұратын асқақ рухының символы екендігі сөзсіз.
«Ислам дінін тану, ұстану тек араб тілі мен дәстүрі арқылы ғана жүзеге асуы тиіс» деген ұғымға соққы беріп, түркі-шағатай тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне жаңа тыныс берген Қожа Ахмет Яссауидің бұл өнегелі жолының көрінісін ХІХ ғасырдағы Шағабуддин Маржани, ХХ ғасырдағы Исмаил Ғаспыралылардың іс-қызметінен аңғаруға болады. Түркі халықтарының ежелден келе жатқан ауыз әдебиеті дәстүріне негіздей, шығыстық, түркілік өлең формаларының мүмкіндігін пайдалана отырып, Қожа Ахмет Яссауи негізінен трактаттар түрінде жеткізілуге бейім исламдық ұғымдар мен қағидаларды поэзия тілімен баяндау үрдісін қалыптастыруы түркі халықтарының мұсылманшылықты етене қабылдауына барынша игі әсер еткені анық.
Түркістан – Қожа Ахмет Иасауи секілді қазақ ұлтының, қазақ қана емес, күллі түркі халқының данышпан ұлы ғұмыр кешіп, өзінің ең үздік әдеби-философиялық жауһараларын мұра етіп қалдырған қаласы. Ол – күллі түркі мұсылмандарының қасиетті шаһары, жалпыадамзаттық мәдениеттің үлкен бір бөлшегі. Түркістан қаласы – ортағасырлық мәдениетіміздің тал бесігі, қайнар көзі, осы күнге мейлніше аман-сау жеткен айнасы.
Ендігі біздің алдымызда тұрған міндет – Түркістанның жеке облыс болғандығын оң жамбасымызға келтіре отырып, ұтымды пайда алу, игілікті нәтижеге қол жеткізу. Себебі енді өңірдің атқарушы билігінде қаржылық және әкімшілік ресурстарының тізгіні Шымкентте емес, Түркістанда шоғырланатын болады. Бұл дегеніміз болашақ қадамдарға қажет қуаты бірнеше мәрте еселей түседі. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, оның тарихын – түркі интеграциясының байрағы, ал рухани байлығын елтаңбасы дәрежесіне көтеруіміз мызғымас борыш, қасиетті парызымыз.
Жансая Мұқамеджанова,
филология ғылымдарының магистрі
Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.