Америка Құрама Штаттары мұсылман халқының құқығын белден басты деген айыппен Қытай Халық Республикасына қарсы санкция салуы мүмкін. Бұл туралы Құрама Штаттардың мемлекеттік департаменті ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладино мәлім етті.

Палладино:«Біз бұл құқық бұзушылыққа айыптылардың жауапқа тартылғаны жөн деп санаймыз. Санкция салу мүмкіндіктерін қарастырамыз».Палладино 13 наурызда мемлекеттік департаменттің жариялаған баяндамасына арқа сүйеген. Баяндамада Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мұсылман-ұйғырлардың құқығы аяққа тапталғандығы алға тартылып, АҚШ-тың бұл әрекетті айыптайтыны мәлім етілген. Reuters бұдан өзге ресми Вашингтон Қытайды азшыл халықтың құқығын бұзып, қамауда отырғандарға зорлық-зомбылық көрсетуге жол беруде, сондай-ақ азаматтардың жеке бас бостандығын аяққа таптап, жеке өмірлеріне бас сұғуда деп айыптағанын жазады.

14 наурызда Қытай Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданында болашақта жаппай мұсылмандар орналастырылған кәсіби қайта даярлау орталықтары жабылуы мүмкін деген алғашқы мәлімдеме жасады. “Лагерьлер саны ақырындап қысқаратын болады, ондағы адамдардың саны да азаяды. Егер алдағы уақытта қоғамға жаттығу лагерьлері қажет болмайтын болса, олар ақырындап жоғалатын болады”, – деп мәлімдеді автономиялық аудан басшысы Шохрат Зәкір.

Қайта тәрбиелеу орталықтары экстремизмге қарсы күресте сеп – Қытай билігі

Аталған лагерьлердегі саяси қайта тәрбиелеуде шамамен миллион ұйғыр мен өзге де мұсылман халқы бар деген ақпар тарағаннан кейін халықаралық қоғамдастық бұған мойын бұрған еді. Алайда ресми Бейжің мұндай қайта тәрбиелеу орталықтары экстремизмге қарсы күресте көмек көрсетеді, әрі онда отырғандарға пайдалы іскер танымдар үйретеді деп мәлімдеді. Қайта тәрбиелеуде отырғандарға зорлық-зомбылық әрекеттері де көрсетіледі деген ақпар тарады.

Қытай билігі ұзақ уақыт бойы мұсылмандардың аталған орталықтарда ұсталатынын жоққа шығарып келді. Мұндай лагерьлердің барын Қытай 2018 жылдың қазанында ресми мойындады. Сонда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының парламентінің ресми құжаттарының бірінде онда “идеологиялық тәрбиелеумен,ойды қайта қалыпқа келтірумен, тәртіпті түзетумен және мемлекеттік тіл – қытай тілін үйренумен айналысатындарын ” алға тартты.

Қытай неден сескенеді?

Бейжің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы исламды ұстанатын көптеген тұрғын арқылы Қытайға Пәкістан мен Ауғанстаннан радикалды мақсаттағы содырлар енетінін атап өтті. Қытай билігінің қолға алған бұл шаралары лаңкестікке қарсы күреске және мұсылман халқын бақылауға алуға бағытталған.