2019 жыл қазақ-өзбек қарым-қатынасы үшін ерекше жыл екені анық. Себебі дәл осы жылы көршілес әрі бауырлас ел Қазақстан жылын атап өтуде. Тиісінше 2018 жылы Қазақстан Өзбекстан жылын тойлаған еді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев мырзаның да ең алғашқы Мемлекеттік сапарын Ташкент шаһарынан бастағанын да осы орайда естеріңізге сала кетуді жөн көрдік. 

Атаулы дата қарсаңында, Turkistan.Today порталы Ташкент қаласында 2017 жылы басылып шыққан "Өзбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясынан" үзінділер жариялап, оны көзіқарақты оқырман назарына ұсынбақ. 

Тізімді 1892 жылы Ташкент облысының бұрынғы  Қарасу, қазіргі Қыбырай ауданы Жыланды ата - Айнабұлақ деген жерінде туған Омар Шадыұлынан бастамақпыз. Өлең мен ән, жыр айтуды ата-анасынан үйренген ол 1971 жылы дүниеден озған. Ел арасында ақындармен айтысып, ақын атанған.


Алпыстан жасым асқанда-ай 

***

Көмей да қалды көрініп, 

Алпыстан жасым асқанда-ай.

Лағнеттің кимей қамытын, 

Адалдап жеген ас қандай?

***

Адыра қалмас адамдық

Болсаңыз құшақ ашқандай.

Тігісі сөздің жата ма

Пейіліңі болса қашқандай?

Алдыңнан аппақ күн туып, 

Ортадан жолың асқанда-ай, 

Шуағын күнге шашқандай.

***

Шаттықтың оты шалқиды,

Теңіз боп көңіл тасқанда-ай.

Ел бастап, жұрт та алмайсың,

Ілімнен болсаң сасқандай.

Ғалымға сірә күлер ме

Сөз ұқпас, сорлы, тас маңдай?

Көшіңнен қалып кетпессің,

Бауырың аяқ басқанда-ай?!

***

Көктегі күнге қол созып, 

Құр босқа берме аспандай.

Жұмыстың қиын бітуі

Еңбегің ерте басталмай.

Бір жанға саяң түсе ме

Небары болсаң пәс талдай?!


Не болар?

Баршаның қолы жетпеген,

Балықтар бұлаң етпеген, 

Ау жаққа қарай беттеген

Ауға жетсе, не болар?

***

Еңбекке өзін жекпеген,

Жайқалтып егін екпеген,

Ұялмай қара бетпенен

Тау жаққа қарай беттеген

Тауға жетсе, не болар?

***

Ежегей құрттай шеттеген,

Елім деп қайғы шекпеген,

Жау жаққа қарай беттеген

Жауға жетсе, не болар?

***

Ысырма боран - кекпенен,

Қолында оттық, бекпенен

Қау жаққа қарай беттеген

Қауға жетсе, не болар?


Осындай артында өшпес жырлар қалдырған ақындардың тізімі мен шығармашлығы жыл соңына дейін жалғаспақ. Біздің келесі ақынымыз - Жанкел Шуақбайұлы болады. Turkistan.Today порталын оқи жүріңіздер. 


Құрастырған

Олжас БЕРКІНБАЕВ