Еуразия университетіндегі Журфакта оқып жүріп ұстаздарымыздан үйренген сабақтарымыздың бірі қазақ журналистикасында ерекше орны бар журналистердің қолданған сөз тіркестерін жинау болатын. Әр мақала оқыған сайын ішінен өзіміз естімеген мақал-мәтел, сөз тіркестерін, көне сөздерді іздеп отыратынбыз. Бізге әсіресе Түркістан, Дала уалаяты, Қазақ, Айқап және солардың арасында аз ғана уақыт шығып тұрған өзге де газет-журналдарды, сондағы авторлардың жеке еңбектерін көп оқытатын. Бұлардан бөлек қазірде көзі тірі Қайнар Олжай, Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Бауыржан Омаров, Несіп Жүнісбайұлы және тағы да басқа журналистердің кітап, мақалаларынан іздейміз. Әрине оқығандарымыздың барлығын жаттап немесе түртіп ала-алмадық. Себебі, біз өз салаларымыз бойынша бағыттала бастадық. Сөйтіп әр кім өз саласына қатысты журналистерді оқи бастады.

Мен ол кезде спорт журналистикасын оның ішінде футболды ерекше ұнататынмын. Мұғалімдеріміз әр қайсымызға бағытымыз бойынша жеке-жеке үйретіп жол көрсетуге тарысатын. Бір күні маған Мейрамхан Жәпек апайым сен спорт журналисі боламын десең Сейдахмет Бердіқұловтың еңбектерін міндетті түрде оқуың керек деді. Содан Сейдахмет ағаның кітаптарын ала бастадым. Олардың ішінде «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Егеулі найза», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Үшінші подъезд». Повестер, әңгімелер, «Арбаған мәні бір сиқыр» және екі томдық «Таңдамалы» деген кітаптары болды. Оқу барысында универде үйреткендей өзіме ұнаған сөздерді, тіркестерді, мақала тақырыптарын түртіп, жинап жүрдім. Оларды көлемді малаларда, репортаждарда, коммментатаор болғанда керек болады деп ойладым.

Алайда, қазір басқа сала журналисі болғандықтан Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың спорт оның ішіндегі футболда қолданылатын сөз тіркестері қазіргі спорт журналистеріне әсіресе, комментаторларға көп көмегі тиеді деген үміттемін.

«Яшин олардың шабуылшысы шегелей соққан екі допты құлап-жығылып, жатып зорға тойтарыпты. Ал, енді зеңбірекше зыңылдаған бір допқа шамасы келмей, аһ ұрып қалыпты. Былғары допты дегеніне көндірген, айтқанына жүргізген шеберлердің жаттығуын көрудің өзі қаншама ғанибет. Көк масаты кілемде допты ұршықша үйіріп жүрген. Бірнеше доптарын сасып-салбырап ұстады. Шабуылды үдеткен үстіне үдетті. Футболдың қас батырының добын дарытпайтын Яшин. Күніне үш ойынға салып алсаң да қыңқ етпейтін қорғасыннан құйылған Колуна, қарсы қақпаға төніп келгенде қай-қайдағы жыны қысатын бақсыдай Бене, ұшқыр Альберт. Ауыз жаппай сәуегейлік құрса да, бүгін жер бетіндегі жанкүйерлердің бәрін күпті қылған, тағатын тауысқан сиқыр сұрақ айқындалмақ. Ойынның күтпеген кеселі көп болды. Жүлдеден ауыз сипап айырылып қалды. Ақ сіреулі Альбионға 40-50 мың адам иін тіреген. Екі допты да еңіретіп салған. «Тимур және оның командасы». «Қайрат және Тимур». «Тимурға Диди да қол соғар еді». «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ». Аяқтың жанкүйерлер аллеясына жетелей беретіні де содан. Сол қанаттан ұмар-жұмар ұмтылып жақтау сызыққа жетті. Алдап өтіп жерқаптырған тұсы. Бұл құлама құздың ұстара жүзіндей қырымен құламай өткеннен де қиямет. Қиғаштың қиғайынан. Тоғыздыққа сарт ете қалды дегенге, әулетінің сөзін сендіріп көріңіз. Бразилия сайыпқырандары қақпаның қапталындағы қияс тұстарға шүйлігеді. Қайқайта салған добынан төсекке тоғайып, масайып бас қоясың. Көлбей жіберген добын іліп алып бұрқырата жөнелгенде Иван.В. ышқына қуды. Қос қаптал. Қамал бұзған қаһарманның ісі. Футболдың нәзік зергері керегінде тікірейген көкжал. Тоғыздыққа кірш ете қалды. Ең сормаңдай, сыпайысы футбол ғылымының «доценті». Жанкүйерлер күбі піспегін борпылдатып дамыл таппай тұрған шақ. Футбол алаңында маңдай терімізді сан сыпырдық. Лондон жанкүйерлердің жүрек лүпілінен теңселіп тұрды. Қақпа маңын торып жүрген. Қақпашының серіппеше атылған секірісі. Қақпа құлпы ашылмады. «Дүбірлі жарыс даярлық қалай?». Адырнадан атылған, жебедей замыраған теңбіл доп қақпаның торын бүлк еткізген сәт. «Тағы да тәж таласы». Сеңдей соқтырғаны әлі есімізде».

«Адам бойынан өзінен-өзі ойнап, секіріп жататын басқа да жан-жануарлар секілді энергияның уақытылы сартқа шығып тұруы қажет екенін пайымдай бастаған ағылшын философтары Г.Спенсер мен Ф.Шиллер мұны ойын теоремасы деп анықтаған болатын. Спорт философиясы – нәсілшілдіктен айырылу. Спорт – енді денсаулықты шыңдаудың құралынан, уақыт өткізудің амалынан адамзат өмірінің өзгеше бір саласына айналды. Футболға аяқ қана, боксқа жұдырық қана керек деп түсінгендер үшін керемет сабақ». 


Ерсұлтан Кәріпбай