Ұлы Жібек жолымен ежелден тауарлар ғана емес, ілімдер мен идеялар Еуразия құрлығының бойымен тамырдай таралды. Жібек жолы Азия, Еуропа мен Африканың ұлы өркениеттерін жалғап, олардың өзара диалогын орнатып келді. Окфорд унивеситетінің профессоры, жазушы Питер Франкопан өзінің «Жібек жолы» атты кітабында Орталық Азия аумағының интеллектуалдық, мәдени және экономикалық тұрғыда дамығанын және мыңдаған жылдардан кейін аймақтың қайта жаңғырып жатқанын жазады. Жазушының пікірінше, жүздеген жылдар бұрын әлемнің интеллектуалдық орталықтары, өткеннің «Оксфорд», «Кембридж», «Гарвард» пен «Иельдері» Еуропада, Батыста емес, Бағдад пен Балхта, Бұқара мен Самарқандта болды дейді. Мұндай атмосфера ғылыми ашылуларға үлкен септігін тигізді. Түріктің төл мекені болған Түркістанда және оның айналасында 10-12 ғғ. Әл-Фараби, Қожа-Ахмет Яссауи, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн сынды ғалымдардың есімдері әлемге мәшһүр болды. АҚШ зерттеушісі Ф.Старр Орталық Азияда діни плюрализм орнап, мәдени-тілдік байлық, пікір алмасу жоғары болғанын жазады. Будда діні де Орталық Азия арқылы тарады, оған Қырғызстан мен Қазақстандағы тарихи ескерткіштер дәлел. Ғалым Б. Литвинский будда мәтіндерін қытай тіліне аударғандардың ішінде 6 – үндіс, 6 – қытай, қалған 16 – Орталық Азиядан шыққан аудармашылар болған дейді.
12-13 ғғ. Түркіменстандағы Мерв қаласында 12 кітапхана, әрқайсысында 10 мыңнан астам кітаптан болған екен. Отырар кітапханасы XI-XII ғғ. шамасында дүниежүзіндегі ең ірі кітапханалардың бірі болғаны айтылады. Жібек жолының бойында Орталық Азия тек транзиттік аймақ болған жоқ. Парфюмериядан дәріге дейін, әшекей бұйымдар, металл, тұрмыстық заттар, керамика, шыны бұйымдар, қағаз бен кітап, мата өнімдері, медициналық құралдар Үлкен Орталық Азиядан экспортталып отырды. Жылқыны қолға үйрету, ертоқым, ат-әбзелдерін ойлап табу да осы қатарға жатады. Мәдени және тарихи ескерткіштің ошағы болған Түркістанның бүгінгі Жібек жолы бойындағы рөлі мен миссиясы ерекше болмақ. Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» инициативасынен кейінгі Түркістан облысының құрылуы мен қаланың жаңа қалыпқа енуінің мәні бар. Құрылғанына 1 жылдан асқан Түркістан облысына 2019 жылдың алғашқы жартысында 156 млн доллардан астам инвестиция тартылған.
Елбасы Н.Назарбаев биыл Жастар жылының салтанатты ашылуында «Назарбаев университетінің» үлгісінде аймақтарда оқу орны және 10 үздік колледж болуы керек деген еді. Қазіргі таңда Түркістанда А.Яссауи атындағы ХҚТУ бар. Оңтүстік аймақты Жібек Жолындағы ғылыми-интеллектуалдық орталыққа қайта айналдыру үшін халықаралық дәрежедегі оқу орны салынуы керек деп санаймыз. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасының көп жылғы түлектері мен «Назарбаев университетінің» мамандары оңтүстік өлкенің потенциалын ашуға күш сала алатын еді. Мұндай оқу орны Түркістан облысының ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, қысқасы, түркі әлемінің заманауи мамандарын дайындайтын білім мен инновацияның хабына айнала алар еді.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
шығыстанушы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты
Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.