1895 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қан деген жерде туған. Көп кезеңдерді басынан кешірген ақынның дидактикалық өлеңдері көп. Суырып салмалығы басым болған ақыннан мол әдеби мұра қалған. 1945 жылы Ташкент облысы, Жаңажол ауданы, Соралысай елді мекеніндегі ІV Бозсу ГЭС-ның жанындағы Бұзаушы ата қорымына жерленген. 

1 өлең

Ей, ақынның алып жүйрігі

Ей, ақынның алып жүйрігі,

Көпшілікке келгенде, 

Жөнелсе сөзі құйылып.

Иіріміндей дарияның

Алдына жұртты үйіріп.

Майда келіп маңызы,

Есіткен тұрса сүйініп.

Үйездеген жылқыдай

Тыңдаса халық үйіліпү

Алдынан адам кетпесе,

Жаураған қойдай бұйығып.

Нәзіктігі назымның

Сынғалы тұрса иіліп.

Ей, тәттілігі тартқанда

Таңдайды тұрса суырып.

Тегістігі зауытта

Шығарған жіптей иіріп.

Бір әріп пен бір нүкте

Аяғы бірге түйіліп.


2 өлең

Жақсы әйел

Жаныңның жақсы әйел көлеңкесі, 

Үйіңде ас пен судың берекесі. 

Көрінер көзге шекер-балдай,

Тарқамас таң атқанша мерекесі.

Қосылып алған жарың жаман болса, 

Әжуа - көрінгеннің көлеңкесі.

Ойласаң, жақсы қатын қандай болар, 

Етінен ет кессең де, бүлк етпейтін.

Бек, патша, аруана нардай болар.

Бас қосып соныменен жатқан күні,

Бозторғай шырылдап атқан таңдай болар.

Жақсы әйел жанған шоқтай жайнап тұрар,

Қазаны өз әлінше қайнап тұрар.

Даладан ат дүбірін естігенде,

Жүгіріп шығып, атын байлап тұрар.

Әр істің парасатын ғапыл біліп,

Жұмыстың алды-артын ойлап тұрар.



Осындай артында өшпес жырлар қалдырған ақындардың тізімі мен шығармашлығы жыл соңына дейін жалғаспақ. Біздің келесі ақынымыз - Әбдуәлі (Әтіш) Мырзаханұлы болады. Turkistan.Today порталын оқи жүріңіздер. Суретте - Ташкент шаһарындағы Төле би кесенесі.


"Өзбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясының" негізінде құрастырған

Олжас БЕРКІНБАЕВ