Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өңір спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген спортшылар мен бапкерлерді қабылдап, марапаттады. Қала әкімі оларға алдағы уақытта спорт аламанында қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді. Бұл туралы "Қазақпарат" хабарлайды.
Кездесу барысында шаһар басшысы түрлі деңгейдегі додаларда бағын сынап, ел намысын қорғап жүрген жастарға сәттілік тіледі. «Ертеңгі үмітіміз, болашағымыз сіздерсіздер. Байрақты бәсекелерде намысты қолдан бермей, абырой биігінде болыңыздар. Бекзат туған топырақта тағы да әлемді мойындатар чемпиондар шығарына сенімдімін. Барлығыңыз да құрметке лайықтысыздар. Әлемдік жарыстарда Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқату бақыты бұйырсын» ,- деді Рашид Абатұлы.
Сондай-ақ, дзюдошы Айдар Арапов пен самбошы Молдаш Кемелбекке, боксшы Бек Нұрмағанбетке алғыс хаттар тапсырды. Бұл спортшылар талай сайыстарда бәсі биік екендігін дәлелдеп, әлемнің түкпір-түкпірінде өткен жарыстардан жүлдесіз оралмаған.
Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.