19 желтоқсан күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды. 

Кездесуде президент Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндалған.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, аймақта өндіріс саласы 5,5 пайызға, ауыл шаруашылығы мен инвестиция 25 пайызға, тұрғын үй құрылысы 30 пайызға өскен.

Сонымен қатар, облыс әкімі 2020 жылдың қазан айына жоспарланған Түркістан қаласының таныстырылым рәсіміне дайындық барысы жайында, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарының толық аяқталғанын айтқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өмірзақ Шөкеевке атаулы әлеуметтік көмек, газдандыру және тұрғындардың табыс көлемін арттыру мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырма берген.