Қазақстанд Дубайда өтетін EXPO көрмесіне мемлекеттік бюджет есебінен павильон салады. Бұл өз кезегінде елге инвесторлар тартуға мүмкіндік береді дейді премьер-министрдің бірінші орынбасары, ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов.

«Бастысы Үкімет негізгі капиталға инвестицияларды ұлғайту, шетелдік тікелей инвестицияларды осы жылы 24 миллиардтан 2025 жылға қарай 34 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойды. Біз жыл сайын Қазақстанға тартылатын шетелдік инвестициялар ағынын қосымша 10 миллиардқа ұлғайтуды көздеп отырмыз. Бұл үшін Дубайдағы алты айға созылатын Бүкіләлемдік көрмеге қатысу өте маңызды», - деді Смайылов.

Ол көрмені бүкіл әлемнен инвесторлар тамашалайтындығын және Қазақстанды инвестициялық тұрғыда тартымды етіп көрсету қажеттігін алға тартты.

«Мүмкіндіктердің тақырыптық кластері аясында Қазақстанның ұлттық павильоны құрылады. Ал павильонның құрылысы мен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 8,8 миллиард теңге немесе 22 миллион доллар бөлінді. Егер біздің павильонға келушілердің нәтижесінде Қазақстанға қосымша шетелдік инвестициялар келсе, онда бұл бөлінген қаражат жаңа өндіріс орындарын, жаңа жұмыс орындарын құрып, қосымша салықтар арқылы өзін-өзі ақтайды», - деп түсіндірді министр.

Бұған дейін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұл қаражаттың алдыңғы жылы бюджеттен бөлініп қойғанын айтқан еді. Көрме аяқталғаннан кейін бұл павильон бөлшектеліп, сол қаражат есебінен Қазақстанға жеткізіледі.