Әлиакбар ишан Шаян өзенінің бойындағы Ақжар деп аталатын жардың маңында жаздай киіз үй тігіп отырады екен. Әлгі жарда Әлиакбар дуамен байлаған айдаһар болыпты. Оған күнара лақ немесе қозыны бауыздатып бергізіп тұрыпты. Бір күндері Шаянда қозы-лақ жоғалып, бұл жағдай күн өткен сайын үдей түсіпті. Мұның сырын білмеген жұрт аң-таң. Шаян мешіт-медресесіне жан-жақтан адамдар көп жиналады екен ол кезде. Бірде өзен жақтан...
Кезінде Шаян өңірін дүр сілкіндірген «Шаяндағы айдаһарлар» туралы оқиғаның өткеніне де ғасырға жуықтапты. Сол айдаһарларды көрген немесе соған қатысты әңгімелерді естіген көне көздер де қазір арамызда жоқ. Тіпті, Бұқарадағы «Көкалташ» медресесінде, кейін Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған білімді де сауатты, көкірек көзі ашық әкемнен айдаһарға байланысты әңгімені менің естігеніме де жетпіс жылға айналыпты.
Уақыттың алға жылжыған керуен көшінде мұның бәрі ұмыт та болар ма еді? Егер жеке мұрағатымнан Шүкірілла Абдуатов ағамның айдаһарға байланысты жазған мақаласы жарияланған, «Алғабас» газетінің 1999 жылдың 19 қарашасындағы санын тауып алмағанымда. Осының әсерінен бұдан жетпіс жыл бұрын әкемнен естіген әңгіме еріксіз қолыма қалам алдырды.
Әуелі оқырмандарға түсінікті болуы үшін Шүкірілла ағамыз жазған мақаланы ықшамдап мазмұндай кетейін. «Бұрынғы көне көз қариялар Шаяндағы Қосым ишанның немересі Әлиакбардың таңғажайып кереметтерін жырдай етіп айтушы еді. Әлиакбар жасында оқуға ықылас танытпай, тентектеу өсіпті. Оған намыстанған ағалары Қосым ишан бабаға шағынғанда «бәріңнен осы балам озады» дейді екен. Шынымен де Әлиакбарға 12 жасында ілім дарып, ірі молда, айтқаны дәл келетін, берген батасы қабыл болатын, оқыған адамы кеселінен айығатын әулие атаныпты. Ол кісіні әсіресе Қаратаудың теріскейі мен Сарыарқа жағы жақсы біледі.
Бірде осы аймақтан өрт шығып, абыржыған халық Әлиакбарға бір амалын жасауын өтініпті. Сонда ол кісі атының шылбырына құрық байлап, өрттің алдын сызып өтіпті де, құбылаға бет бұрып намаз оқып, соңынан ұзақ дұға жасапты, Қаптаған өрт әлгі сызыққа жете өшіпті. Теріскейдегі «Әлиакбар сайы» деген сай атауы содан қалыпты.
Сол Әлиакбар ишан Шаян өзенінің бойындағы Ақжар деп аталатын жардың маңында жаздай киіз үй тігіп отырады екен. Әлгі жарда Әлиакбар дуамен байлаған айдаһар болыпты. Оған күнара лақ немесе қозыны бауыздатып бергізіп тұрыпты. Бір күндері Шаянда қозы-лақ жоғалып, бұл жағдай күн өткен сайын үдей түсіпті. Мұның сырын білмеген жұрт аң-таң. Шаян мешіт-медресесіне жан-жақтан адамдар көп жиналады екен ол кезде. Бірде өзен жақтан шыққан мылтық даусы көпшілікті елең еткізіпті. Жұрт барса, Мәді мағзұмды паналап, Сыр бойынан келген Қожамберді дейтін жігіт аузы көпіріп құлап жатыпты. Әлиакбар ишан Қожамбердіге дем салып, оқып жазу үшін оны бұл маңайдан әкетуді бұйырыпты. «Қожамберді айдаһарға кезігіп, батырлықпен атып үлгеріпті. Бірақ өзі де арбалып қалыпты. Сәтін салса, оқумен айығар. Бұл айдаһар да суаттан су ішуге келген малды жұтуға жарап қалыпты ғой. Енді қорықпаңдар» деп жұртты тыныштандырады.
Көп ұзамай зобалаң заман басталып, мешіт-медресе қиратылып, ондағы кісілер қуғынға ұшырайды. Әлиакбар дуамен байлаған айдаһар да ұмыт болады. Айта білсек, туған жердің бізден жасырған сыры да, мұңы да көп қой» деп жазған екен Шүкең.
Айдаһарға қатысты менің әкемнен естіген әңгімемнің желісі де дәл осындай. Тек Қожамбердіге қатысты оқиғасында өзгешелік бар еді. Ол Шу бойындағы бір байдың барымташысы болыпты.
Бірде барымтадан жылқы айдап шыққанда соңына қуғын түседі. Серіктеріне жылқыны айдатып, өзі жол тосып қалады. Қуғыншылардың арасынан бұған ұмтылған бір зор денелі жігітпен айқаса аттан құлайды. Әлгінің күші басым болып, алқымынан езгілей бастағанда, астында жатып, қынынан пышағын суырып, ішін тіліп жібереді. Сөйтіп құтылғанымен, адам құнын даулаған қарсы жақ бұлардың ауылына келеді. Барымтаға жұмсағыш бай «мен бұған адам өлтір деген жоқпын, құнын өзі төлесін» деп басын алып қашады.
Кедейде құн төлейтін шама қайдан болсын. Құн даулаушы өлген жігіттің әйелі екен. «Өлтірген адамды көрсетіңдер» депті. Еркек емес, әйелмен алысып, атысып-шабыса алмайсың. Ұяттан басымды көтере алмай, өлтіремін десе де, құлым боласың есігімдегі десе де көнуге бел байлап, бала-шағаны әйеліме тапсырып, лашығымда отыра бердім. Бірақ ер мінезді әйел дауды оп-оңай шешті. Босағамды аттаған бойы маған аңтарыла қарап, «Құдайға шүкір, өз теңінің қолынан өлген екен.
Мен құл-құтанның қолынан өлді ме деп қауіптеніп едім. Жекпе-жекте өз теңінен жеңілгендіктен, мен құн алмаймын. Қане, қайттық елге» деді-де бұрылып жөнеп қалды. Оны жекпе-жекте алысып емес, жасырын пышақ жұмсап өлтіргенімді өзіме кешіре алмай ұяттан өртенумен болдым. Мұны әйел білмеді, мәрттік танытты. Ұятыма шыдамаған мен қоныс аударып, Шаянға, Мәді мағзұмның қолына келдім.
Бірде жол жүруден шаршап, жалғыз өзім ұйықтап жатқанымда ұрылардың қолына түсіп, өлесі таяқ жедім. Олар атымды алып, өзімді өлдіге санап кетіп қалыпты. Есімді жиғанда бір аппақ киінген кісі: «Тұр, балам, сен бұдан өлмейсің. Ажалың жыланнан болады деді», деген Қожамберді жылан көрсе жерді сызып жіберіп жыланмен арбасып, жеңіп, қалтасына салып жүретін. Әлгі айдаһарды атып өлтірген соң көп ұзамай жылан шағып өзін өлтірді. Көргендер бір қарыстан сәл ақ ұзын әбжылан екен десті. Оны өлтірмекші болғандарға Әппақ ишан тигізбеді. Құдайдың әмірінсіз шөптің басы қимылдамайды. Жылан шақса, құдайдан келген әмір. Тағдырына ажал жыланнан екені жазылған болса, амал жоқ деп тигізбей жөніне қоя береді.
Сталиндік зобалаң басталып «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заманда біраз жылға дейін Ақжар жақтан, әсіресе, айлы түндерде Әлиакбар ишан дуамен байлаған айдаһардың ыңыранған даусы мешітке дейін естілетін дейтін көне көз қариялар.
Уақыт шіркін бәрін де ұмыттырып өшіріп те тастар ма еді, егер сол айдаһар жылан өзінің мына дүниеде бар екендігін 30-40 жылда сездіріп, көзге көрініп тұрмаса. Сондай оқиғаның бірі былай болыпты.
Мен 1978 жылы ата-баба қонысы Шаянға оралып, ағайындармен танысып, араласқан соң, жыландар туралы сұрастырдым. Сондай оқиғаның болғаны рас көрінеді, бірақ кейінгі жағдайдың қалай аяқталғанын білмейміз десті қариялар. Ал мен бір дерегі білінер деп жүрдім. Себебі, айдаһар ұзақ, ғасырдан да көп жасайтын мақұлық деседі ежелгі әпсаналардағы деректер. Ал біздің Шаяндағы айдаһарға қатысты оқиғалардың өткеніне 90 жылдың маңайы. Демек, әбжылан өзінің бар екендігін сездіруі тиіс.
Көп ұзамай бір туысқан інімнің жыланды көргенін естідім. 1967 жылдың жазы еді. Сиырымды іздеп өзен бойын жағалап, Ақжардың үстіне шығып қарасам, төменде өзеннің жағасында екі-үш қараның ортасынан іздеген сиырымды көрдім. Дереу төменге түсіп өзенге жеткенім сол, бір түрлі дыбыс есітіп, қорқыныш билеп айналама қарадым. Өзімнен бес-алты метр жерде бір үлкен жылан басын жерден жарты метрдей көтеріп, маған тесіле қарап тұр екен. Денесінің қалған бөлігі жардың жарығынан көрінбейді. Басы - қозының басындай. Мені бірденінен үрей билеп, денем дірілдеп, бойымнан әл кеткендей сезіндім. Содан дереу есімді жиып, енді бүйтіп тұра беруге болмайтынын ұғындым да жардың үстіне қарай ышқына жүгірдім. Жоғарыға шыққан соң төменге қарағанымда жыланның жардағы қуысқа жайлата жылжып еніп бара жатқанын көрдім. Қорқыныштан жүгірген күйі үйге жетіп бірақ тоқтадым. Не болғанын сұраған анама бәрін айтып бердім. «Иә, сондай жыланның бары рас. Көптен бері дау-дерексіз еді. Сол орнынан тапжылмай жатыр екен ғой» деген анам айдаһарға қатысты біраз әңгімелер айтып берді», - деп өзі ертеректе бастан кешкен жағдайды айтқан еді інім.
1989 жылдың ерте көктемінде мені аудандық партия комитетінің хатшысы шақырды. Біз бір-бірімізді жастық шақтан, комсомол қызметінде бірге жүрген кезден білетінбіз. Ол кісі маған «Сіз екеуміз оңтүстік аудандарда өстік. Сіз Өзбекстан жағында да біраз болдыңыз. Диқаншылықтан хабарыңыз мол. Шаяндықтар бұған төселмеген екен. Өзіңіз бас болып, жүгері ексеңіз. Тәжірибеңізден өзгелер үйренсе деді. Сөйтіп ойда жоқта диқанның кетпенін ұстап, 50 гектарға жүгері ектім. Сол төңірекке жақын бір түп ағаш бар екен. Жаздың ыстығында соны көлеңкелеп отыратынбыз. Тың жер, оның үстіне күтімі жақсы болған жүгерім бітік өсіп, жарыс озаты ретінде сыйға жеңіл көлік, Чехословакияға демалып қайтуға жолдама да берілді.
Келесі жылы мен жүгерімді басқа жерге ектім де, менің орныма Жамбыл ауылының бір жігіті қауын-қарбыз, басқа да көкөністер отырғызды. Жиі жолығысып, әңгімелесіп тұрдық. Ол бала-шағасымен біз көлеңкелеген ағаштың түбіне жайғасты. Көкөніс атаулы енді-енді пісе бастаған кез еді. Бір күні түс қайта жаңағы жігіттің қауын-қарбызын біраз адамдардың аралап, жұлып жатқанын көріп, «бұларың қалай, иесіне айтамын» дедім айқайлап. Олар «өзі ала беріңдер» деп рұқсат берген десті. Бұған түсінбеген мен оның үйіне барып, не болғанын сұрадым.
- Айналайын ағасы, қорқыныштан әлі өзіме-өзім келе алмай жатырмын. Былтыр сіздер көлеңкелеген ағаштың жанындағы қауындықты көрмекке барғанмын. Сол сәт бір қорқынышты ысыл естіліп жалт қарасам, лотоктың су қазған орнына сыймай жатқан дәу жыланды көрдім. Жылан жерден жарты метр жоғарыға басын көтере, маған тесірейе қарап қалыпты. Басының қойдың басындай екенін анық көрдім. Қорқыныштан жүрегім аузыма тығылып, қашқаннан қашып үйге бірақ келдім. Енді ол жаққа аяқ баспаймын. Қауыны құрысын, осындағы жұртқа ала беріңдер дегенмін», - деп сөзін аяқтады ол жігіт. Мен: «әлі бар екенсің-ау! Бар екендігіңнен хабар да беріпсің-ау» деп ойладым.
Енді қашан кімнің көзіне шалынар екен бұл Шаяндағы айдаһар? Ашылмаған құпияң көп-ау, туған жер, деймін әлі күнге.
Ергешәлі ӘБДІРАЗАҚОВ,
ардагер ұстаз,
Бәйдібек ауданы.
Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.